shampooСұрақ: Шаштың түсуіне қарсы сусабын шындықпен жанаспайтын жай ғана жарнамалық қадам екендігі рас па?

Сарапшы жауабы: Иә десе де, жоқ десе де болады. Бір жағынан, сусабын — дәрі емес, жуғыш зат. Егер бұл жерде тұқым қуалайтын себептерге және гормоналды дисбалансқа байланысты андрогенді алопеция жөнінде айтылса, онда сусабынға ғана сенудің қажеті жоқ. Егер де шаш түсуі себореямен, яғни терінің өлі жасушаларының бір-біріне жабысып қалған бөлігінен құрғақ немесе майлы қабықтың пайда болуымен сипатталатын тері майының мөлшерден тыс бөлінуімен байланысты болса, себореяға қарсы сусабын – шаштың түсуіне қарсы көмекке келетін алғашқы құрал.

Сұрақ: Сусабын неғұрлым аз көбіктенсе, оның соғұрлым жақсы екені рас па?

Сарапшы жауабы: Сусабын мен оның көбіктенуі арасында тікелей байланыс жоқ. Бұл параметрлер пара-пар емес. Осындай жаңсақ пікір нарықта теңге қотыр, атопиялық дерматит пен экземаға шалдыққан адамдарға арналған арнайы сусабындар сатыла бастағаннан кейін пайда болды. Мұндай өнімдер расында аса нәзік, ауру теріні де тітіркендірмейді және олар көбіктенбейді десек те болады, алайда бұл олардың құрамында нәрлендіретін және қорғаушы қосымша заттардың көп болуымен, әдетте сусабындарға қоюландырушы ретінде қосылатын тұздың болмауымен байланысты.

Сусабынның көбіктілігі 2 параметрге байланысты. Ең алдымен, жұмсақ ББЗ (кірді шайып әкететін беттік белсенді заттар) концентрациясымен байланысты: егер олардың мөлшері ГОСТ тарапынан анықталған 18% көрсеткішінен аз болса, қанша тырыссаңыз да сусабын нашар көбіктенетін болады. Екіншіден, көбіктілік қатты және жұмсақ ББЗ арақатынасына байланысты. Сол себепті емдік сусабындардың аз көбіктенуі қатты көбіктенетін кәдімгі сусабындардың қаттылығын білдірмейді. Қайталап өтсек: ГОСТ бойынша сусабынның белгілі бір көпіргіштік саны болуы тиіс, ол бойынша көбіктің биіктігі, тығыздығы мен басылу жылдамдығы өлшенеді. Стандарттарға сай сусабындағы ББЗ-дың минималды саны 18-20%-дан аз болуы тиіс. Және де осы мөлшер көбіктің тығыз болуын білдіреді. Ал көбіктің міндеті – өзінің бойына кірді жинап алып, кірді тезірек, жақсылап кетіруге көмектесу.

Сұрақ: Судың қасиеттері сусабын қасиеттерін өзгертеді деген рас па?

Сарапшы жауабы: Рас. Су неғұрлым қатты болған сайын, сусабынға өз міндетін орындау соғұрлым қиынға соғады. Оның үстіне ол нашар көбіктенетін болады.  Суды кальций, магний, темір мен өзге металл тұздары қатты қылады. Сусабынмен қатынасқа түскен олар шөгінді болып, үлпекке айналады, ал олар өз кезегінде шашқа қонып,  оны қатты әрі ұстағанда жағымсыз қылады. Жаңбыр мен көл суы ең жұмсақ болып саналады. Алайда құбыр суын да жұмсартуға болады. Ең қарапайым әдістер қатарына суға бірнеше тамшы лимон суын қосу немесе суда қайнату жатады.

Сұрақ: Белсенді ингредиенттері әсер етіп үлгеруі үшін сусабынды баста ұзағырақ ұстаған дұрыс па?

Сарапшы жауабы: Ондай қажеттілік жоқ. Сусабынды дымқыл шаш бойымен таратып жағып, басты уқалап, жуып шығыңыз. Сусабын формуласы пайдалы сығындылар осы уақыт ішінде әсер етіп үлгеретіндей жасалған.